ІІМ жасанды интеллект көмегімен айласын асырған алаяқтар туралы ескертті

2024 жылы 2,5 мыңнан астам азамат өз қаражатын жалған инвестициялық қорларға салған
Sputnik
АСТАНА, 26 қаңтар – Sputnik. Ішкі істер министрлігі жасанды интеллект пен таргеттік жарнаманың көмегімен жасалатын алаяқтық туралы ескертті, деп хабарлайды Polisia.kz.
Таргеттік жарнама - бұл әлеуметтік желілерде және онлайн-платформаларда ақпаратты белсенді түрде ілгерілету мақсатында қолданылатын әдіс. Оны бүгінде алаяқтар да пайдалануда. Бұл жалған инвестициялық қорлар немесе алаяқтар ұрлаған қаражатты қайтаруға бағытталған қызметтер болуы мүмкін.
"Жарнама жасау кезінде кибералаяқтар танымал тұлғалардың, адвокаттардың видеоларын негізге ала отырып, халықты сендіру үшін оны жасанды интеллект арқылы бұрмалайды. 2024 жылы 2,5 мыңнан астам азамат өз қаражатын жалған инвестициялық қорларға салған",- деп жазылған хабарламада.
Адамдар жоғалтқан ақшаларын қайтару үшін басқа алаяқтардан көмек сұрап, одан да үлкен сомадан айырылатын жағдайлар да кездеседі. Мысалы, Қарағанды облысының тұрғыны тауарды онлайн түрде сатып алуға жұмсаған 40 мың теңгесін қайтарғысы келіп, басқа алаяқтардың құрығына түсіп, 11 млн теңгеден астам шығынға ұшыраған.
"Сақ болыңыздар және күмәнді ұсыныстарға алданбаңыздар, тек ресми дереккөздердің ақпаратына сеніңіздер", - деп ескертті ІІМ.
Алматыда интернет-алаяқтық бойынша call-орталық анықталды