АСТАНА, 25 қаңтар – Sputnik. Украина ешқашан НАТО-ға кірмейді, деп есептейді Словакия премьер-министрі Роберт Фицо. Бұл туралы РИА Новости хабарлады.
"Украина ешқашан НАТО-ға кірмейді, ал егер соңғы кездері кейбір саясаткерлердің мәлімдемелеріне құлақ ассақ, Украинаның Еуропалық Одаққа кіруінде де үлкен проблемалар болады", - деді Фицо "Сенбідегі диалогтар" бағдарламасында.
2023 жылдың 14 желтоқсанында өткен ЕО саммиті Украина және Молдовамен Еуропалық Одаққа болашақ мүшелік туралы келіссөздерді бастау туралы шешім қабылдады. 2022 жылдың маусымында ЕО Украина мен Молдоваға ЕО-ға үміткер елдер мәртебесін беріп, қосылу туралы келіссөздерді ресми бастау үшін бірнеше қатаң шарттар қойды. ЕО бұл шешім негізінен Киев пен Кишиневке Мәскеумен қақтығыста қолдау көрсету мақсатындағы символдық сипатта екенін бірнеше рет мойындады.
Елдің ЕО-ға үміткер ретіндегі мәртебесі, сондай-ақ келіссөздердің басталуы елдің Еуропалық Одаққа кіруін білдірмейді, сонымен қатар Брюссельді ештеңеге міндеттемейді. Түркия 1999 жылдан бері үміткер және 2005 жылдан бері ЕО-мен мүшелікке "келіссөздер жүргізуде". Дәл осындай келіссөзді Солтүстік Македония 2005 жылдан бері, Черногория 2010 жылдан бері, Сербия 2012 жылдан бері жүргізіп жатыр. Хорватия 2013 жылы ЕО-ға соңғы рет мүше болған ел, бұл процесс 10 жылға созылды.