АСТАНА, 24 қаңтар — Sputnik. Қазақстанның Бас прокуроры Берік Асылов мұғалімнің биіктен құлап кетуіне қатысты оқиға бойынша депутаттардың сауалына жауап берді.
21 желтоқсанда алаңдағы қалалық шыршаны безендіруге мұғалімдер жіберіліп, ол жақта төтенше жағдай орын алды: мұғалім Қуат Айтқалиев шыршаны безендіру кезінде биіктен құлап кетті.
Ол ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Ашынған жұртшылық пен депутаттар облыс басшылығынан түсініктеме талап етіп, қадағалау органдарына сауал жолдады.
Бас прокурор Асылов депутаттарға берген жауабында мәлімдегендей, 22 желтоқсаннан бастап қалалық полиция басқармасы Қылмыстық кодекстің 632-бабының 4-бөлігі (Ауыр зардаптарға әкеп соққан билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.
"Тергеу барысында мұғалімдерді кәсіби міндеттерімен байланысы жоқ жұмыстарға тартуға жол берген қала әкімінің орынбасары А.Хамзаев күдікті ретінде анықталды", - деді Асылов.
Сотқа дейінгі тергеу прокуратураның бақылауында, деді Бас прокурор. Бұған дейін еңбек инспекциясы жұмыс берушінің кінәсін 100 пайыз дәлелдеген. Семей қалалық білім бөлімінің басшысы қызметінен босатылды.