АСТАНА, 20 қаңтар – Sputnik. "Болашақ" стипендиясына үміткерлер жаңа ережеге сәйкес іріктеледі, деп хабарлады ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі.
17 қаңтарда "Болашақ" халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеу жаңа қағидалары бекітілді.
Жаңашылдыққа сәйкес қажетті балл санын жинамаған үміткерлер келесі турға жіберілмейді.
Мемлекеттік қызмет аппаратын одан әрі жақсарту мақсатында "мемлекеттік қызметшілер" категориясы енгізілді. Бұл категория бойынша мемлекеттік қызметкерлерге "магистратура" бағдарламасына қатысу үшін тіл курстарынан өту мүмкіндігі ұсынылады.
Сондай-ақ бағдарлама түлектері еңбек өтілімін Қазақстан Республикасы мүше халықаралық ұйымдарда, мысалы, БҰҰ, ЮНЕСКО, ШЫҰ және ТМҰ сияқты ұйымдарда өтеу мүмкіндігі қарастырылған.
Конкурстық іріктеу үшін қажетті құжаттар тізбесіне уәждемелік хат енгізілді. Бұдан басқа, конкурстық іріктеуден өте алмаған үміткерлерге сол күнтізбелік жылы конкурсқа қайта қатысу құқығы беріледі.
Жалпы бұл өзгерістер "Болашақ" халықаралық стипендиясын жетілдіріп, еліміздің әртүрлі салаларында білікті мамандар даярлауға бағытталған.