АСТАНА, 16 қаңтар – Sputnik. Yesil Technology Company компаниясы Алматы облысында жоғары технологиялық дрон өндіретін кәсіпорын салуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Жобаны Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі мен "KAZAKH INVEST" АҚ қолдауымен жүзеге асыру көзделген.
Бүгін ҚР АШМ өкілдері мен инвесторлар арасында өзара әрекеттестік туралы меморандумға қол қойылды.
"Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық дамуы мен экономиканы әртараптандыруды қолдауға бағытталған жобаның құны шамамен 12 миллион АҚШ долларын құрайды", - деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігі.
Өндірілетін дрондар Қазақстанның ішкі нарығына ғана емес, Орталық Азия елдеріне де экспортталады.
Өндірістік процеске халықаралық тәжірибесі бар жетекші инженерлер мен қазақстандық мамандар қатысады.