АСТАНА, 15 қаңтар – Sputnik. Мәжіліс депутаттары мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда мүдделер қақтығысын анықтау мен ретке келтіруге қатысты түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қазіргі заңнама бойынша мемлекеттік қызметші туындаған немесе ықтимал мүдделер қақтығысы туралы өз басшылығына жазбаша өтініш жіберуге міндетті. Басшылық өз кезегінде мүдделер қақтығысын болдырмау және реттеу шараларын уақытында қабылдауға тиіс. Ал мәжіліске енгізілген түзетулерге сәйкес, "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" заңға "Мүдделер қақтығысы" атты жаңа тарау енгізіліп отыр. Онда мүдделер қақтығысы болған жағдайда нақты іс-шаралар тәртібі көрсетілген.
Бұдан былай басқа көздерден алынған ақпарат та тексеріледі. Сосын мемлекеттік қызметте мүдделер қақтығысы туралы хабарлармен әдеп жөніндегі уәкілдер айналысады. Ал квазимемлекеттік ұйымдарда сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтері, я болмаса, кадр қызметтері қарайтын болады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Ұлан Сарқұловтың айтуынша, хабарламаны қарау нәтижесі органның немесе ұйымның басшылығына жіберіледі.
"Мүдделер қақтығысы болған кезде мемлекеттік органның немесе ұйымның басшылығы ұсынымдарды алған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде мүдделер қақтығысын болғызбау және реттеу бойынша шараларды қабылдауға міндетті, оның ішінде қызметшіні мүдделер қақтығысы туындаған бөлігінде лауазымдық міндеттерін орындаудан шеттетуге және сәйкесінше, өтінішті, бұйрықты және тағы да сол сияқты құжаттарды қарауды өзге адамға тапсыруға міндетті", - деді Сарқұлов мәжілістің бүгінгі отырысында.
Мүдделер қақтығысы жағдайларын болғызбау және реттеу жөніндегі шараларды қабылдамағаны үшін, сондай-ақ мүдделер қақтығысы болған кезде лауазымдық өкілеттіктерді жүзеге асырғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Ал мүдделер қақтығысы жағдайында қабылданған немесе жасалған актілердің, шарттардың немесе басқа шешімдердің күші жойылуы мүмкін.
Мүдделер қақтығысы дегеніміз не?
Мысалдар:
Судьяның қарауына мүліктік дау туралы азаматтық іс келіп түседі. Бұл ретте істегі тараптардың бірі судьяның немере ағасы болып табылады. Бұл жағдайда судьяның немере ағасының пайдасына сот шешімін қабылдауға мүдделілігі болуы мүмкін.
Мемлекеттік қызметші бос лауазымға конкурс өткізу кезінде конкурстық комиссияның мүшесі. Бұл ретте, конкурсқа қатысушылардың бірі мемлекеттік қызметшінің жақын досы болып табылады. Мемлекеттік қызметші досының мемлекеттік қызметке кіруіне мүдделі болуы мүмкін.
Тергеушіге қарауға қылмыстық іс түседі, ол бойынша жұбайының ағасы күдікті болып табылады. Тергеуші жекжатты қылмыстық жауаптылықтан босатуға мүдделі болуы мүмкін.
Айта кетері, бүгін мәжіліс мүдделер қақтығысына қатысты заң жобасын бірінші оқылымда қабылдады.