Сот қарапайым жұмысшының бай кәсіпкер болып жүргенін анықтады

Sputnik
АСТАНА, 13 қаңтар – Sputnik. Ақтөбе облысының соты дәріханада қарапайым жұмысшы болып тіркелген ер адамның есепшотында миллиондаған қаржының айналымын анықтып, баласына алиментті көптеп төлеуді міндеттеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Жоғарғы сотқа сілтеме жасап.
2022 жылы ақтөбелік ерлі-зайыптылар ажырасып кеткен. Олардың бір жасар баласы анасымен бірге қалды. Ал әкесі ай сайын өз табысының төрттен бір бөлігін - 30 мың теңгені алимент ретінде төлеуге міндеттелді. Бірақ баланың анасы бұрынғы күйеуінің кәсіпкерлік қызметпен айналысып жүргенін біліп, табысын әдейі төмендетіп көрсетті деп шағымданды. Сотта қазіргі табысына сай алимент төлеуді талап етті.
Ақтөбе облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты істі зерттей келе, жауапкер ата-анасының меншігіндегі дәріханада 120 мың теңге жалақымен ресми түрде жұмыс істейтінін анықтады.
"Алайда 2022 жылдан 2024 жылдың қыркүйегіне дейін оның банктік шоттарына 7 миллионнан астам теңге түсіп, шоттардағы максималды қалдық 512,7 миллион теңгеге жеткен. Жауапкер бұл қаражат ата-анасына тиесілі екенін алға тартқан, бірақ сотқа өзінің сөзін дәлелдейтін айғақ ұсына алмады. Сонымен қатар, жауапкердің атына екі автокөлік тіркелген, бұл да кірісті жасыру мүмкіндігін көрсетеді", - делінген сот хабарламасында.
Сот кәмелетке толмаған баланың мүддесін ескере отырып, жауапкерден талап қоюшының пайдасына ай сайынғы табысының ¼ бөлігі мөлшерінде ғана емес, сонымен бірге тұрақты ақшалай сомада – 20 АЕК (78 640 теңге) мөлшерінде алимент өндіруге шешім шығарды. Үкім заңды күшіне енді.
Депутатар жаңа алимент қорын құруды ұсынды