АЛМАТЫ, 13 қаңтар - Sputnik. Батыс Қазақстан облысының тұрғыны, ғасыр жасаған ұстаз Нәбия Тілепбергенованың жан тебірентерлік бейнежазбасы әлеуметтік желіде тарады. 93 жастағы ұстаз ержетіп кеткен шәкірттерін партаға отырғызып, математикадан есеп шығарды. Ұлағатты ұстазбен Sputnik Қазақстан тілшісі тілдесті.
Нәбия Тілепбергенова 1931 жылы 5 желтоқсанда Батыс Қазақстан облысы Фурманов ауданында дүниеге келген келген. Бұғанасы қатпаған қаршадай қыз 11 жасынан бастап тылда еңбек еткен. Соғыс жылдары қара жұмыс істеген. Еңбекқор қыз мектепті үздік бітіріп, 1952 жылы Ақтөбе қаласындағы педагогикалық институттың математика бөліміне оқуға түседі. Ол Гоголь атындағы үздік стипендияның иегері болған. Жоғарғы оқу орнын қызыл дипломмен бітірген Нәбия Тілепбергенова жарты ғасыр ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге жұмсаған.
"Анамның білім берудегі ең бір ерекшелігі қиын есептерді бір емес, бірнеше тәсілмен шығаруды үйреткен. Өйткені балаға қай тәсіл оңай, сол тәсілмен шығартатын. Ешқашан оқушысына дауыс көтермеген, бірақ ойын баласы болса да оқушы біткен сабағын шуламай қызығушылықпен тыңдаған екен. Кластағы оқушыларының 70 проценті тоқсан аяғында бестік алған. Анам мектептің қоғамдық жұмыстарынан тыс қалмаған. Тіпті ауылдарды аралап ән айтқан, өнерпаз да болған", - дейді қарт ұстаздың қызы Ақтоты Тілепбергенова.
Нәбия әжей оқушыларын сондай жақсы көрген адам. Тіпті шәкірті жылады дегенді естісе, емізіп жатқан нәрестесін тастай салып жүгіреді екен.
"Менің бір оқушыма үлкен балалар әлімжеттік жасап, бар жақсы затын тартып алыпты. Емізіп отырған баламды лақтыра салып, құстай ұштым. Ана тиіскен баладан оқушымнан тартып алған заттарды алып, жетектеп үйіне апардым. Ешқашан шәкірттерімнің көңілін түсіріп, сағын сындырып көрмеппін. Сол оқушымның жәбір көріп қалғанын ойлап, бірнеше күн таңға көз ілмедім. Көпке дейін қиналдым. Мен оқушыларыма жаныммен берілген адаммын, үйдегі тірлігім жасалмай қалса да шәкірттеріме жүгіретін едім", - дейді 93 жастағы ұстаз Нәбия әжей.
Үйдегі өз баласы емес, түздегі кісі баласы үшін жарғақ құлағы жастыққа тимеген Нәбия әжейді шәкірттері әлі күнге пір тұтады.
"Өз балам аш қалса қалсын, оқушыларымның қарны ашпаса екен дейтінмін. Мен шәкірттерімді көргенде үйдегі балаларымды ұмытып кететенмін. Басым жастыққа тисе алдымнан өткен шәкірттерімнің бәрін елететіп, сағынып, көзіме жас келіп жатамын, күнде солай. 50 жыл еңбек өтілімде ешбір оқушы, ешбір ата-анамен шәй десіп көрмеппін. Оқушыларым көшеде де, үйде де тәрбиелі болды. Сондай ыждахатты, елгезек, адамгершілігі мол. Менің шәкірттерім ең мықты азаматтар. Еш өкінішім жоқ. Оқушыларым "апай, сіз біздің миымызға математиканы құйдыңыз ғой, әлі күнге жатқа білеміз" дейді. Мен бақытты ұстазбын!" - дейді Нәбия әжей.
"Менің марапатым – шәкірттерім!" деп мақтанады ұстаз.
"Баяу оқушыға оңай амал, жылдам оқушыға қиындау амалды жеке-жеке, бәріне үйреттім. Менің оқушыларымның ешбірі жауап бере алмай қалған емес. Директор кірсін, оқу-ісінің меңгерушісі болсын балаларым тақылдап жауап беретін. Маған бәрі таңқалатын "Нәбия, сен қандай әдіспен мықты етіп оқытасың балаларды? Бәрі жатқа біліп тұр. Мынадай еңбекпен оқу-ағарту ісінің бір занчогы бұйырмады-ау" дейтін еді. Маған ешқандай марапат керек емес, менің марапатым – шәкірттерім", - дейді ұлағатты ұстаз.
Еңбегі еленбеген...
Бір ғасыр жасаған ұстаз өкінішке орай, күні бүгінге дейін ешбір марапат алмаған.
"Анам әр оқушысының аты жөнін, қандай қылықтары болғанын бәрін айтып отырады. Бірақ осы уақытқа дейін анамыздың еңбегінің бағаланбағаны қынжылтады. Не аудандық, не облыстық білім басқармасынан марапатталмағаны жанымызға батады. Кәсіби мерекесінде де құттықтап қойған емес, жасы 90-ға келгенде де бір құттықтау болған емес. Білім басқармасы базаны жаңалау үшін ғана анамыздың мақтау қағаздары мен еңбегі туралы ақпарат сұрап қана хабарласады. Ешбір мереке, кездесуге анамды шақырған емес. Көзінің тірісінде еңбегінің еленгенін біліп кетсе гой деп армандаймыз", - дейді ұлағатты ұстаздың ұрпағы.
Нәбия әжейдің шәкірттері талай саланы басқарып жүр, бірі профессор, бірі ректор, талайы білікті маман, басшы. Бүгінде әжей немерелерін ҰБТ-ға дайындап жатыр, оқудағы немерелерінің бәрі грантқ түскен. Олимпиадаларға дайындайды. Әлі күнге көзілдіріксіз газет-журнал оқып, өзін үнемі дамытып отырады.
Бұл жолы мектеп бітіргендеріне 40 жыл болған шәкірттері Нәбия әжейді кездесуге шақырған. 300 шақырым жерге ат арытып барған Нәбия әжей қолына бор алып, шәкірттерімен есеп шығарып, ұстаздық еткен жылдарын еске алды.
Шәкірттері сол сәтті видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге салған.