АСТАНА, 10 қаңтар – Sputnik. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы Хэнань ауыл шаруашылығы инвестициялық компаниясының өкілдерімен кездесті.
"Қытаймен сауда қатынастары жыл сайын нығайып келеді. Біз барлық негізгі бағыттар бойынша ынтымақтастықты жандандыруға мүдделіміз", – деп атап өтті Ермек Кенжеханұлы.
"Henan Agricultural Investment Capital Co. LTD" компаниясы бас директорының орынбасары Чэнь Хуайань компанияның ауыл шаруашылығы өнімдері мен тыңайтқыштарды саудалау саласындағы қызметі туралы баяндады. Компания құрамында бидай, жүгері, соя, арпа, ет және тыңайтқыштарды саудалаумен айналысатын 5 кәсіпорын бар.
Хэнань инвестициялық компаниясы Қытай, Қазақстан және Таиланд провинцияларын қамтиды. Халықаралық сауданы кеңейту шаралары, соның ішінде арпа мен маш импортын арттыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Кездесу соңында тараптар астық, арпа жеткізу және инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша екіжақты өзара тиімді ынтымақтастықты жандандыруға дайын екендіктерін білдірді.