АЛМАТЫ, 11 қаңтар – Sputnik. Оралдық 17 жастағы әнші Ержан Максим Дубайда өткен "Sanremo best song 2025" халықаралық ән байқауында Гран-при жеңіп алды. Талантты жастың анасымен Sputnik Қазақстан тілшісі тілдесті.
Ержан Максим Дубайда өткен халықаралық ән байқауында Гран при жеңіп алды
© Sputnik / Айдана Дайырова
Ержан байқауда қазақтың халық әні "Айқаракөзді" орындаған.
"Мама, Гран-при алдым деп сүйінші сұрады. Қатты қуандым. Халқымыз қолдап жатыр. Бұл Ержанның ғана емес, қазақтың жеңісі. Ертең Ержан ұшып келеді", - деді анасы Гүлмира Әлібек.
Ержан 5 жасынан ән айтқан. 9 жасынан бастап халықаралық байқауда жеңімпаз атанған.
"Алланың берген таланты деп ойлаймын. Жалпы өз атасы да, нағашы атасы да, отбасымызда бәріміз ән айтамыз. Кәсіби емес, бірақ әнді жақсы айтамыз. Әсіресе Ержан ән айтуға өте құмар болды", - дейді Гүлмира Әлібек.
Ержан Максим Дубайда өткен халықаралық ән байқауында Гран при жеңіп алды
© Sputnik / Айдана Дайырова
"Sanremo best song" байқауы – Италияның ән байқауы. Ол жыл сайын ақпан айының ортасында өткізіледі.