АСТАНА, 11 қаңтар – Sputnik. Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Жанна Есинбаева "Qazaqstan" телеарнасына берген сұхбатында "Келешек" бірыңғай жинақтау жүйесі арқылы жиналған ақшаны қандай жағдайда шешіп алуға болатынын айтты.
Оның айтуынша егер бала білім беру грантына ие болған жағдайда жиналған қаржыны магистратура немесе докторантура деңгейінде жұмсауға болады.
"Сондай-ақ жоғары білім туралы дипломды ұсынған жағдайда ақшаны шешіп алуға да болады. Не болмаса барлық жиналған қаражатты тұрғын үй жағдайын жақсартуға жұмсай алады", - деп түсіндірді Жанна Есинбаева.
Айта кетері, "Келешек" бірыңғай ерікті жинақтау жүйесіне жиналған қаржыға мемлекет жыл сайын 5%, ал әлеуметтік осал топтардың балалары үшін 7% мемлекеттік сыйақы төлейді.
Президент тиісті заңға қол қойды. Жоба аясында 5 жастан асқан балалардың болашақта жоғары оқу орнында білім алу үшін қаржы жинақтауға мүмкіндік берілмек.