АЛМАТЫ, 9 қаңтар – Sputnik. Көшпенділер қалашығына жол салынады. Бұл туралы Қонаев қаласы әкімдігінің жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бағдат Әлиев айтты.
"Былтыр Көшпенділер қалашығына жол салу үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленді. Мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған жағдайда бюджеттік өтінім беріліп, құрылысқа ақша бөлу мәселесі қарастырылады", - деді Бағдат Әлиев.
Сонымен қатар былтыр Қонаевта әлеуметтік маңызы бар маршруттарды субсидиялауға 602,2 млн теңге бөлінді. Ал биылғы жылға келісімшарт қаңтар айында жасалады.
Көшпенділер қалашығына жол салынады
© Photo : Қонаев қаласы әкімдігі
"Жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 85%-ға жетті. 22 көшеде шұңқырларды жабу, 9 көшеге ағымдағы жөндеу жасалды. 8-10-шағынаудандар жолын күрделі жөндеу басталды", - дейді Бағдат Әлиев.
Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 700 дана жол белгісі орнатылып, 2000-ға жуық жол белгісінің тірегі боялған. 34 жаңа аялдама қойылды.
Қонаевты жалпы кешенді дамыту жоспары аясында 16 жобаның құжаттары дайындалып, мемлекеттік сараптамаға жіберілді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Алматыдан 90 шақырым жерде орналасқан "Көшпенділер" қалашығының бүгінгі жай-күйі сын көтермейтінін жазған едік.