АСТАНА, 8 қаңтар — Sputnik. "Ұлттық ақпараттық технологиялар" (ҰАТ) АҚ облигациялар шығару арқылы 3 миллиард теңге (5,6 миллион доллар) тартты.
"2024 жылдың 27 желтоқсанында "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ Қазақстан қор биржасында (KASE) алғашқы облигацияларын сәтті орналастырды. Компания жылдық 19%-бен 3 миллиард теңге тартты", - деп хабарлады компания.
Облигацияларды орналастыру Ұлттық ақпараттық технологияларға қарыз капиталының нарығына шығуға мүмкіндік берді.
"Облигацияларды орналастыру арқылы тартылған қаражат Қазақстанның мемлекеттік органдарының жұмысын қамтамасыз ететін ақпараттық-коммуникациялық қызметтердің инфрақұрылымын дамытуға бағытталады", - делінген хабарламада.
Компанияның облигацияларына NITCb1 қысқартылған белгісі (сауда коды) берілген. Алғашқы пайыздық төлем 2025 жылдың маусымында жасалады деп күтілуде.
"Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ – Қазақстанның мемлекеттік органдарына арналған цифрлық шешімдердің жетекші жабдықтаушысы. Компания 2000 жылы құрылған және ақпараттық-коммуникациялық қызмет көрсетуге маманданған. Компанияның жүзеге асырылып жатқан жобаларының қатарында "электронды үкімет" порталы, e-лицензиялау, "eGov Mobile" мобильді қосымшасы, Smart Bridge жобасы және тағы басқалары бар.