АСТАНА, 31 желтоқсан – Sputnik. 2024 жылы республикалық бюджеттен әлеуметтік төлемдерге 5,3 трлн теңге бөлінді, деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.
Биыл инфляцияның болжамды деңгейін ескере отырып, базалық және ортақ зейнетақылар, сондай-ақ мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері өсті. Ал мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023 жылдан бастап бес жылдың ішінде ең төменгі базалық зейнетақыны ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-на дейін, ең жоғарғысы – 120%-ға дейін жыл сайын кезең-кезеңімен арттыру қажет.
"2024 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінен 60%-дан 65%-ға дейін өсті, бұл 28 215 теңгені құрайды, ең жоғары мөлшері – ең төменгі күнкөріс деңгейінен 100%-дан 105%-ға дейін, бұл 45 578 теңгені құрайды", - делінген ресми хабарламада.
Бұдан бөлек, 2024 жылдан бастап жұмыс берушілер міндетті зейнетақы жарналарын аудара бастады. Бүгінде 4,3 млн-нан астам жұмыс істейтін азаматтардың жарнасы төленді.
Биыл зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт жұмыс істейтін азаматтарды әлеуметтік қолдау мәселесі де шешілді. Соның нәтижесінде жаңадан тағайындалған арнайы әлеуметтік төлем енгізіліп, 1 қаңтардан бері 13 мың адамға тағайындалды.
Жалпы, 2024 жылы республикалық бюджеттен әлеуметтік төлемдерге 5,3 трлн теңге бағытталды, бұл жалпы бюджет шығыстарының 22 процентін құрайды.