АСТАНА, 31 желтоқсан – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылы мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендияны беру туралы өкімге қол қойды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.
Биыл мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендияға 70-тен астам әдебиет пен өнер қайраткері ие болды. Олардың ішінде жазушылар Дидар Амантай, Әлібек Асқар, Төлен Әбдікұлы, Ақұштап Бақтыгереева, Смағұл Елубай, Жүрсін Ерман, Алтыншаш Жағанова, Бауыржан Жақып, Мырзатай Жолдасбеков, Дулат Исабеков, Бексұлтан Нұржекеев, Қойшығара Салғараұлы, Олжас Сүлейменов, Серік Тұрғынбекұлы және тағы басқа танымал тұлғалар бар.
Ал өнер қайраткерлерінің ішінде мемлекеттік стипендияны Амандос Ақанаев, Асанәлі Әшімов, Самал Еслямова, Ілия Жақанов, Тұңғышбай Жаманқұлов, Жандарбек Мәлібекұлы, Нұрғали Нүсіпжан, Бибігүл Төлегенова мен Айгүл Үлкенбаева иеленді.
Мемлекеттік стипендия иегерлерінің толық тізімін мына жерден көруге болады.
Айта кетері, бұрын бұл стипендия экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен аталды. Ал Конституцияға енгізілген өзгерістерден кейін атын алып тастады. Бірақ мемлекеттік мәртебесі мен тағайындау тәртібі қалды. Мемлекеттік стипендияның қазіргі көлемі 55 АЕК-ті (2025 жылы 216 260 теңге) құрайды.