АСТАНА, 28 желтоқсан – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлады Ақорда.
Президенттер Ақтау қаласының маңында Azerbaijan Airlines компаниясы ұшағының апатқа ұшырап, Қазақстан және Ресей азаматтарының қаза табуына байланысты бір-біріне көңіл айтып, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді.
"Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин апат себептерін анықтау үшін тараптардың атқарып жатқан жұмыстарын талқылады. Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының Үкіметтік комиссиясы тергеу ісін Әзербайжан, Ресей және Бразилия елдерінің мамандарын тарта отырып жүргізіп жатқанын айтты", - деп жазылған хабарламада.
Президенттер тергеу амалдарын жан-жақты және ашық жүргізудің маңызды екенін атап өтті.
Естеріңізге сала кетейік, 25 желтоқсанда Бакуден Грозныйға рейс жасаған Әзербайжан авиакомпаниясының ұшағы Ақтау маңында апатқа ұшыраған болатын. Бортта экипажды қосқанда 67 адам болды. 38 адам қайтыс болды, 29 адам аман қалды.