АСТАНА, 27 желтоқсан – Sputnik. Мемлекеттік сатып алу саласында отандық тауар өндірушілерді қолдау шаралары қолданылып жатыр. Биыл 4,5 мың тауарлық позиция бойынша жеті үкімет қаулысы қабылданды.
Енді бұл тауарлар сатып алуға міндетті болып табылады. Отандық шағын және орта бизнес субъектілерінен сатып алынатын қызметтер тізбесі бекітілді. Заңға сай офтейк келісім-шарттар енгізілді. Яғни, елімізде шығарылатын тауарлардың жеткізушілері мен мемлекеттік органдар тікелей шарт жасаса алады. Бұл туралы қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбеил ОКҚ брифингінде хабарлады.
Оның айтуынша, заңға тәуелді актілер мен отандық тауар өндірушілерге міндетті түрде 30%-дық аванс төленеді.
"Біздің тауар өндірушілер үшін кез келген өтінімнің кепілдемесін алып тастап жатырмыз. 3 түрлі кепілдеме бар. Тауар өндірушілер үшін айыпақы көлемін азайтамыз. 10 түрлі айыпақы бар. Айыппұлды 3%-ға дейін түсіріп отырмыз. Бұл да біздің тауар өндірушілер үшін үлкен қолдау деген ойдамыз", – деді спикер.
Аймақтардағы кәсіпкерлерді қолдау мақсатында көп жұмыс атқарылды. 1 жылдан артық уақыт жұмыс істеп, материалдық-техникалық базасы бар, уақытылы салық төлейтін компанияларға балдық үстемақы беру жүйесі пилоттық режимде енгізілді.