АЛМАТЫ, 26 желтоқсан - Sputnik. Қарағандыда күдіктіні азаптады деп айып тағылған екі полиция сотталды, деп хабарлайды Бас прокуратура.
Қарағанды облыстық прокуратура сотқа дейінгі тергеп-тексеру басқармасында қызмет еткен полиция қызметкерлерінің куәгерді азаптау фактісі бойынша қылмыстық істі тергеді.
"Полиция жәбірленген күдіктіні басқа тұлғаның денсаулығына орташа зиян келтіргені үшін жауап алу мақсатында полицияға шақырған. Қызметтік бөлмеде екі жедел қызметкер оған психологиялық қысым көрсетіп, кінәсін мойындау үшін дене жарақаттарын келтірген", - дейді ведомство.
Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты криминалдық полиция бөлімінің аға жедел қызметкерлері Қылмыстық кодекстің 146-бабы 2-бөлігі 1-тармағына сәйкес кінәлі деп танылып, үш жылға бас бостандығынан айырылды. Олар жазаларын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтейді.
"Сотталғандар "полиция капитаны" арнайы атақтарынан айырылды. Оларға жәбірленушілердің өтемақы қорына айыппұл төлеу жазасы да тағайындалды. Қарағанды облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы үкімді өзгеріссіз, апелляциялық шағымдарды қанағаттандырусыз қалдырды", - дейді Бас прокуратура.