АСТАНА, 26 желтоқсан – Sputnik. Сенат депутаттары мемлекеттік қызмет заңнамасына енгізілетін өзгерістерді мақұлдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бұған дейін мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін жұмыстан шығарылған азаматтардың мемлекеттік қызметтегі лауазымдарға орналасуына өмір бойына тыйым салынған болатын. Жаңа заңға сәйкес, оны алып тастайды, шектеу мерзімдері енгізіледі.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Салауат Мүксімовтың айтуынша, тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін жұмыстан шығарылған мемлекеттік қызметшілер екі жылдан кейін ғана жұмысқа тұра алады.
"Теріс қылық үшін жұмыстан босатылған азаматтар басшылық қызметке келемін десе, екі жылдан бөлек үш жылдық шектеу мерзімі көзделген. Осылайша, жалпы шектеу мерзімі бес жылды құрайды",-деді Мүксімов сенаттың бүгінгі отырысында.
Оның сөзінше, теріс қылығы үшін алдымен екі жылдық шектеу қолданылады. Ал ондай тәртіп бұзушылық екінші рет қайталанса, үш жылдық шектеу қосылады.
Бұдан бөлек, заңда өкілеттігін тоқтатқан судьяларға өкілеттігі тоқтатылғаннан кейін қандай да бір уақытша шектеусіз бірден мемлекеттік қызметке кіру мүмкіндігі беріледі.