АЛМАТЫ, 25 желтоқсан – Sputnik. Ақтау маңында Баку-Грозный рейсі апатқа ұшырап, көп адамның қаза табуына байланысты 26 желтоқсанда Әзербайжанда аза тұту күні жарияланды, деп хабарлады жергілікті АЗЕРТАДЖ ақпарат порталы.
Әзербайжан Республикасының ррезиденті Ильхам Әлиев осыған байланысты өкімге қол қойды.
Ал жергілікті кейбір онлайн медиа субъектілерде әртүрлі ақпарат тарап жатыр. Осыған қатысты Әзербайжан медиа дамыту агенттігі мәлімдеме жасады.
"Біз медиа субъектілерді ақпарат тарату кезінде Әзербайжан Республикасының "Медиа туралы" заңының бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланатын және (немесе) таратылатын ақпаратқа қатысты талаптарын сақтауға, сондай-ақ ресми дереккөздердің қорытындысын көрсетпейтін бұрмаланған ақпаратты таратудан аулақ болуға шақырамыз", - деп хабарлады Әзербайжан медиа дамыту агенттігі.
Ведомство журналистер мен қоғам белсенділерін мұндай мәселелерге принциппен қарап, жалған ақпарат таратпай, тек ресми органдардың ақпаратына сенуге шақырды.
Еске сала кетейік, бүгін Бакуден Грозныйға ұшқан Azerbaijan Airlines ұшағы Ақтау қаласының маңында апатқа ұшырады. Бортта 69 адам, оның ішінде 5 экипаж болған. Жаңартылған мәлімет бойынша 32 адам апаттан аман қалған.