Орда тобының концертіне "билет" сатқан 18 жастағы жігіт ұсталды

Елорда полициясы концерт билетін сатуға қатысты алаяқтық схеманы анықтады
Sputnik
АСТАНА, 23 желтоқсан – Sputnik. Жалған билет алып, Орда тобының кешіне кіре алмаған астаналықтар полицияға арызданды, деп хабарлады Астана қаласы ПД баспасөз қызметі.
Жәбірленушілер алданғанын концертке кіре алмаған кезде бір-ақ білген. Сол сияқты қаланың кейбір тұрғындары танымал
ресейлік әншіні көру үшін де жалған QR кодтар алған. Билет құны – 10 мыңнан 20 мың теңгеге дейін.
"Жалпы шығын сомасы шамамен 200 мың теңгені құрайды. Жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу аясында Алматы ауданының криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері 18 жастағы азаматты анықтады", - деп жазылған хабарламада.
Жігіт instagram-да жалған аккаунт құрып, танымал әншілердің концертіне жоқ билеттерді ұсынған.
Жедел қызметкерлер күдіктіні жәбірленушілер ақша жіберген банктік шоты арқылы анықтай алды. Жас жігіт кінәсін мойындады.
Тергеу барысында күдіктінің тағы да осыған ұқсас 11 эпизодқа қатысы бар екені анықталды.