Аса ірі алаяқтық жасады деген күдікті Ресейден экстрадицияланды

Қылмысқа қатысушылардың бірі сотталған, алайда ол қылмыс жасағаннан кейін жасырынған
Sputnik
АСТАНА, 23 желтоқсан - Sputnik. Ірі көлемде алаяқтық жасады деп іздеуде жүрген күдікті Ресейден экстрадицияланды, деп хабарлайды Бас прокуратура.
"Күдікті 2005-2007 жылдар аралығында Алматы қаласындағы құрылыс компаниясында бухгалтер болып жұмыс істеген. Үлестік құрылысқа қатысушылардан ақша қабылдаған. Ол тұрғын үй кешенінің аяқталмаған құрылыс объектісі бойынша кіріс кассалық ордерлеріне бухгалтерлік есепте көрсетілмеген жалған түбіртектер жазған", - дейді ведомстводағылар.
Күдіктінің және оның сыбайластарының әрекеті салдарынан Алматы қаласының 80-нен астам тұрғыны 3,7 млрд теңгеден астам шығынға батқан.
"Қылмысқа қатысушылардың бірі сотталған, алайда ол қылмыс жасағаннан кейін жасырынған. Сондықтан оған халықаралық іздеу жарияланды. Өткен жылдың желтоқсан айында іздеуде жүрген адам Ресей Федерациясының Краснодар өлкесінде ұсталды", - дейді Бас прокуратурадағылар.
Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалды.
Алаяқтық жасады деген күдікпен ұсталған Қазақстан азаматы Ресейден экстрадицияланды