АСТАНА, 21 желтоқсан — Sputnik. Риддердегі жылу электр орталығында апат болып, 6 адам зардап шекті.
Оқиға орнына барған ШҚО әкімі Ермек Көшербаевтың айтуынша, штаттан тыс жағдай болған.
"Жөндеу және дәнекерлеу жұмыстары кезінде көмір жңберетін көлікте газ-ауа қоспасы жарылып, салдарынан алты адам зардап шекті", - деді облыс әкімі.
Зардап шеккендердің жағдайы тұрақты, деп атап өтті әкім.
"Станция директорымен бірге станцияны толығымен қарап шықтық. Бәрі жұмыс істеп тұр, барлық түйіндер мен қондырғылар қалыпты режимде, бәрін қайтадан тексеру қажет болады. Сондықтан қазіргі жағдайға түсіністікпен қарап, станция жұмысы бойынша тексерілмеген ақапараттарға сенбеуді сұраймын", - деді Көшербаев.
Айта кетейік, жазда жылу электр орталығында жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілді. Шілде айында премьер-министр Бектенов қалаға барып, жөндеу жұмыстарының барысын өзі тексерді.