"Бұл ақша жинау емес": депутаттар еңбек қауіпсіздігіне қатысты жазаны күшейтті

Еңбек қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін ескертулер мүлдем алынып тасталды
Sputnik
АСТАНА, 20 желтоқсан – Sputnik. Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов еңбек қауіпсіздігі ережесін өрескел бұзғандарға жаза қатаңдатылғанын хабарлады.
Оның айтуынша, бір жылда өндірісте 1 232 жазатайым оқиға тіркелген. Оның 251-інде адам өлген. Сол оқиғалардың 24%-ы еңбек қауіпсіздігі ережелерінің бұзылуынан болған.
"Ең қорқыныштысы, еңбек қауіпсіздігі ережелерін өрескел бұзғандардың жартысынан көбі тек ескерту алады. Осы жағдайды біз өзгерттік", - деп жазды депутат әлеуметтік желідегі парақшасында.
Оның айтуынша, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске түзетулер енгізілген. Еңбек қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін ескертулер мүлдем алынып тасталды.
Есесіне айыппұл көлемі артты:
алғашқы заң бұзушылық үшін – 20-дан 120 АЕК-ке дейін;
қайталанған заң бұзушылық үшін – 40-тан 240 АЕК-ке дейін.
"Бұл айыппұлмен ақша жинау емес. Бұл – әділдік және адам өмірін қорғау. Адал жұмыс берушілерге алаңдаудың қажеті жоқ. Бұл нормалар тек қауіпсіздікті елемейтіндерге қатысты", - деп түсіндірді Асхат Аймағамбетов.