АСТАНА, 20 желтоқсан – Sputnik. Астананың қоғамдық көлік паркі 45%-ға жаңарды, деп мәлімдеді Астана әкімі Жеңіс Қасымбек. Бұл туралы қала әкімінің сайты хабарлады.
"Биыл жалпы ұзындығы 60 км болатын 50 көшеге орташа жөндеу жүргізілді. Әл-Фараби даңғылынан Тәуелсіздік даңғылына дейінгі көпірдің құрылысы аяқталды, бұл Мәңгілік Ел даңғылындағы көлік ағынының азаюына әсер етті, сол сияқты оң және сол жағалаулар арасындағы жылдам қозғалысқа септігін тигізді", - деді Астана әкімі.
Ол жыл сайын қалаға жаңа автобустар жеткізіп, қоғамдық көлік паркін жақсарту бойынша жұмыс жалғасатынын айтты.
"Мысалы, биыл желіге 300-ден астам автобус шықты. Екі жыл ішінде автобус паркі 706 жаңа автобуспен толықты. Осылайша, қаланың автопаркі 45%-ға жаңартылды. 2025 жылы қоғамдық көлік паркін тағы 300 бірлікке ұлғайту жоспарланып отыр", - деді Жеңіс Қасымбек..