АСТАНА, 18 желтоқсан – Sputnik. Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров Түркістан қаласында арақ-шарап сатуға тыйым салуды ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгін парламенттің төменгі палатасында Түркістанның ерекше мәртебесі туралы заң жобасы қаралды. Депутат Ардақ Назаров осы заң аясында қалада арақ сатуға да, ішуге де тыйым салуды ұсынды.
"Өйткені Түркістанды рухани астана деп отырмыз. Бүкіл қазақ осы жерден рух алуы керек, ол жерде бабаларымыз, әулие, батыр билеріміз жатыр. Ертең шетелден көп қонақ келеді. Сол кезде біздің азаматтарымыз арақ ішіп, алдынан шығатын болса, ұят қой. Сондықтан осы заң аясында арақсыз қала, рухани қала деп, араққа тыйым салуға бола ма?", - деді Назаров.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың айтуынша, облыста "Ішімдіксіз ауыл" жобасы қолдау тапты. Оған бір жылдың ішінде 30 ауыл қосылды.
"Бұл бастама Түркістан қаласында да жергілікті зиялы қауыммен, ақсақалдармен, қоғам белсенділерімен талқыланды. Дегенмен Түркістанның негізгі рухани-мәдени бағытымен қатар туристік басымдық да бар. Сол себепті бизнес өкілдерінің тарапынан ол мәселеге де түрлі көзқарас қалыптасып отыр. Аталған мәселе орынды. Алдағы уақытта заң жобасын қабылдап жатқаннан кейін бұл мәселені де тиісті заң нормалары аясында қарастыру қажет деп санаймыз", - деді Тәжібаев.