АСТАНА, 18 желтоқсан – Sputnik. Мәжіліс депутаттары Қазақстанда жұмысшы мамандықтарға арналған жаңа ипотекалық бағдарламаны енгізуді ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Депутат Никита Шаталовтың айтуынша, жұмысшы мамандықтардың мәртебесін көтеру үшін білім гранттары мен стипендияны көтеру қажет. Ал еңбек нарығына шыққан мамандар үшін жаңа ипотекалық бағдарламаны ұсынуға болады.
"Өнеркәсіп жұмысшылары мен энергетиктер үшін жеңілдетілген ипотекалық бағдарламаны енгізу керек. Өнеркәсіптік ипотеканы Отбасы банкі арқылы да іске асыруға болады. Ең бастысы, сол саладағы еңбек өтіліне қатысты нақты талап болуы қажет", - деді Шаталов мәжілістің бүгінгі отырысында.
Мәжілісменнің ойынша, жаңа ипотека болмаса, қазіргі ипотекалық бағдарламаларды да жұмысшы мамандықтарға беймдеуге болады.
"Мәселен, бюджеттік квоталарды бөліп, жеңілдетілген талаптар енгізуге болады. Осылайша, Отбасы банктің қазіргі бағдарламалары бойынша алғашқы жарнаның көлемін азайтуға мүмкіндік бар", - деп атап көрсетті Шаталов.
AMANAT фракциясының депутаттары премьер-министрге сауал жолдап, осы мәселені қарастыруды сұрады.