АСТАНА, 17 желтоқсан – Sputnik. Келесі жылы Іле-Балқаш резерватына Ресейден үш-төрт жолбарыс жеткізіледі. Бұл туралы экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қазіргі кезде Тұран жолбарысын қалпына келтіру мақсатында Іле-Балқаш мемлекеттік табиғи резерваты құрылды. Ал азық қорын қамтамасыз ету үшін 205 бас тоғай бұғысы жеткізілді. Бұдан бөлек, құлан әкелінді. Елік пен қабанның саны артты. Биыл қыркүйек айында резерватқа алғаш рет Нидерланды елінен екі жолбарыс жеткізілді. Оларды арнайы торда ұстайды, ал тұқымын жабайы табиғатқа жіберіп отырады.
"2025 жылы Ресей Федерациясынан үш-төрт жолбарыс әкелу жоспарланған, әкелінген жолбарыстардың тұқымы Қазақстан аумағында 70 жылдан кейін қайта пайда болған алғашқы жабайы жолбарыстар болады деп үміттенеміз", - деді Нысанбаев үкіметтің бүгінгі отырысында.