Елде су тасқынын болжау және модельдеу жүйесі іске қосылады

Sputnik
АСТАНА, 13 желтоқсан — Sputnik. Жыл соңына дейін "Қазақстан Tasqyn" жүйесі іске қосылады.
Оны төтенше жағдайлар, экология және сыртқы істер министрліктері әзірлейді. Қазірдің өзінде су тасқынын болжау және модельдеу әдістемесі әзірленіп, бекітілді.
"Әдістемеге сәйкес уәкілетті органдар жүйеге мынадай деректерді енгізеді: су қоймаларындағы су деңгейі, су бұру көлемі, гидрометеопрогноздар. Жиналған мәліметтер негізінде жүйе су тасқыны сценарийлерін модельдейді. Су ресурстары және ирригация министрлігі суды жедел бөлу, су ресурстарын, су қоймалары мен су шаруашылығы жүйелерін пайдалану режимдерін талдау және түзету үшін жедел және болжамды су шаруашылығы балансын есепке алуды регламенттейді", - деді ведомство жанындағы цифрландыру департаментінің бас сарапшысы Әлихан Сәлімжанов.
Су ресурстары және ирригация министрлігінде хабарлағандай, бұл жұмыстар саланы цифрландыру шеңберінде жүргізілуде.
"Бұл ақпараттық жүйе ықтимал төтенше жағдайларды модельдеуге және нақты болжамдар жасауға мүмкіндік береді, бұл залалдың алдын алу үшін уақтылы шаралар қабылдауға көмектеседі", - деп атап өтті ведомстводан.
Қазір Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Қазақстанның 3,5 мың шақырым суару желілерін цифрландыру жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, Қызылорда облысында бес арнада суды есепке алудың автоматтандырылған жүйесін орната отырып, су тарту станцияларын қайта құру жобасы іске асырылуда.
Бұдан басқа, 2024-2026 жылдар аралығында Жетісу, Түркістан және Жамбыл облыстарында 16 суару каналы автоматтандырылады.
Сондай-ақ Қызылорда облысында 16 магистральдық және шаруашылықаралық арналарды автоматтандыру үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. Арналарды автоматтандыру судың сапалы және дәл есебін қамтамасыз етеді.
Ақтөбе облысында көктемгі су тасқыны кезінде пара алған шенеунік сотталды