Абылайхан Жүсіповті тістеп алған өзбек боксшысы "алтыннан" айырылды

Өзбекстандық боксшы Хавасбек Асадуллаев қарсыласын тістеп алғаны үшін жарыстардан шеттетілді
Sputnik
АСТАНА, 13 желтоқсан – Sputnik. Бокстан Азия чемпионатында өзбекстандық спортшы Хавасбек Асадуллаев 71 келіге дейінгі салмақта алтын медаль жеңіп алды, бірақ тура екі күннен кейін ереже бұзғаны үшін жарыстардан шеттетілді, деп хабарлады Uznews.uz агенттігі.
Финалдық кездесуде Хавасбек Асадуллаев қазақстандық қарсыласы Абылайхан Жүсіповпен кездесті. Төрешілердің екіге бөлінген шешімімен жеңіс Асадуллаевқа берілді. Кейінірек өзбек спортшысы қарсыласының иығынан тістеп алғаны белгілі болды, оны жекпе-жек кезінде төреші байқамаған.
Қазақстан бокс федерациясының наразылығынан кейін ASBC ұйымының техникалық делегаты ирландиялық Сади Даффи ережені өрескел бұзғаны үшін Хавасбек Асадуллаевты дисквалификациялау туралы шешім қабылдады.
"Бұл шарттардың 21.1.8 ережесін өрескел бұзу, жекпе-жек кезінде спортшы қарсыласын тістеп алғанын төреші байқамай қалған, бірақ кейін анықталды. Ережеге сәйкес, Абылайхан Жүсіпов жекпе-жектің жеңімпазы болып жарияланады", - делінген ASBC хабарламасында.