Шерзат Полаттың әкесіне қатысты қылмыстық іс қозғалды

Sputnik
АСТАНА, 12 желтоқсан — Sputnik. Алматы полиция департаменті Талғарда қаза тапқан Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовқа қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Полицияның мәліметінше, 10 желтоқсанда Нұрымов бұзақылық жасады және көлік қозғалысына кедергі келтірді деген айыппен ұсталған.
"Ол қоғамдық орында және полиция қызметкерлеріне қарсы дөрекі сөз сөйледі, оларды пышақпен қорқытты, сонымен қатар басқа біреудің мүлкіне қасақана зақым келтірді, атап айтқанда, көлікті пышақпен сырып, дөңгелекті тесіп тастады. Айналасындағыларға, оның ішінде кәмелетке толмағандарға қауіп төндіре отырып, қоғамдық тәртіп пен айналасындағылардың тыныштығын бұзды. Бұзақылық фактісі бойынша сот оны 15 тәулікке әкімшілік қамауға шешім шығарды", - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, полиция бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіру фактісі бойынша қылмыстық іс тіркеді.
"10 желтоқсанда Еңбекшіқазақ ауданының Азат ауылында орын алған құқыққа қарсы іс-қимыл нәтижесінде автокөлік иесіне материалдық залал келтірілгені анықталды, бұл әкімшілік жауапкершілік шегінен едәуір асып, іс-әрекеттің қылмыстық саралануына әкеп соғады", - деп түсіндірді полициядағылар.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайларын анықтау мақсатында тергеу жүргізіліп жатыр.
Еске салсақ, Азат ауылында суицид жасап көз жұмған Шерзат Полтаттың ағасы Нұрғанат Ғайыпбаевты жерлеу рәсімі кезінде Қаржаубай Нұрымов қамауға алынған еді.
Шерзат Полаттың өлімі: тергеу қашан аяқталады