АСТАНА, 10 желтоқсан – Sputnik. Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 15 тәулікке қамалды. Бұл туралы Алматы облысы соттары хабарлады.
Оған қоғамдық орында әдепсіз сөздер айтты, құқық қорғау органдары қызметкерлерін қорлады, сондай-ақ айналасындағыларды сыйламады, қоғамдық тәртіпті және азаматтардың тыныштығын бұзатын әрекеттер жасады және көлік құралдарының жүруіне кедергі келтірді (ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігі) деген айып тағылды.
Қаржаубайдың қарындасы Бақыт Реймова да 15 күнге жабылған. Ол Қазақстан Республикасының бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнамасын бұзғаны үшін (ӘҚБтК-нің 488-бабының 8-бөлігі) әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оның азаматтығы болмауына байланысты кейіннен Қазақстан Республикасынан шығару туралы шешім қабылданған.
Қаржаубайдың тағы бір бауыры Салтанат Нұрымоваға ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 20 АЕК (73 840 теңге) айыппұл салынды.