Заңбұзушылықтарға жол берген: Қазсушар филиалының басшысы жұмыстан қуылды

Жыл басынан бері жүргізілген тексеріс нәтижесінде 29 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды
Sputnik
АСТАНА, 9 желтоқсан – Sputnik. Су ресурстары және ирригация министрлігі ішкі аудиттің нәтижесін жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Ішкі аудит департаменті 9 айда 11 мекемеде аудиторлық тексеріс жүргізді. Негізгі мақсат – судың "көлеңкелі" нарығымен күрес және осы саладағы заңсыз әрекеттерді анықтау.
"Мәселен, "Қазсушардың" Жамбыл облысындағы филиалына жүргізілген тексеріс барысында су ресурстарын заңсыз пайдаланудың 10-ға жуық фактісі анықталды. Шаруалармен суармалы су беру келісімшарттарын жасау кезінде заң бұзушылықтарға жол берілген. Аудит қорытындысы бойынша мекеме басшысы мен "Аса" өндірістік аймағының басшысы қызметінен босатылды", - делінген министрліктің ресми хабарламасында.
Бұдан бөлек, филиал директорының орынбасары мен Қордай, Байзақ, Меркі өндірістік аймақтарының басшылары қатаң сөгіс алды.
"Аудит қорытындысы бойынша анықталған барлық заң бұзушылыққа қатысты материалдар Бас прокуратураға жолданды. Сондай-ақ министрліктің құзыретті құрылымдары мен ведомстволарына ұсынымдар мен тапсырмалар берілді", - дейді ішкі аудит департаментінің директоры Ғалымжан Молдаш.
Ресми мәліметке сәйкес, жыл басынан бері жүргізілген тексеріс нәтижесінде 29 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.