АЛМАТЫ, 9 желтоқсан - Sputnik. Елде уақыт белдеуінің ауысуына байланысты Шығыс Қазақстанда кейбір мекемелердің жұмыс кестесі өзгеруі мүмкін. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімі Ермек Көшербаев айтты.
"Бұрынғы уақыттың өзінде баланы таңертең қараңғыда апарып, түнде алатын еді тұрғындар. Уақытқа үйрену керек деп ойлаймын. Тұрғындардың пікірін кезінде тиісті министрлікке жеткіздік, қазіргі кезде бұл сұрақ үкіметпен шешілген", - дейді облыс әкімі Ермек Көшербаев.
Ол мекемелердің жұмыс кестесі қалай өзгеретінін әзірге білмейтінін айтты.
"Әр жерде әр қалай. Кейбір балабақшалар 8.00-ден, басқалары 7.30-дан жұмыс істейді, біреудің оқуы 15.00-де, 17.00-де немесе басқа уақытта аяқталады. Аурухана, адамдарды қабылдайтын мекемелер бір уақытта жұмыс істеуі керек", - деді өңір әкімі брифингінде.
Әкімнің айтуынша, өзгерістер тек Өскеменде емес, облыс бойынша орын алады.
Шешім қабылдамас бұрын облыста арнайы топ құрылып, барлық мәселе егжей-тегжейлі қарастырылады.