АСТАНА, 9 желтоқсан – Sputnik. Талғар қаласының маңынан Шерзат Полаттың ағасының мәйіті табылды, деп хабарлады Алматы облысының полициясы.
"Талғар қаласының маңында 30 жастағы ер адамның мәйіті табылды. Алдын ала мәлімет бойынша ол өз-өзіне қол жұмсаған. Марқұмның 4 қазанда көз жұмған Шерзат Полаттың ағасы екені анықталды. Қылмыстық іс қозғалды", - деп хабарлады полиция.
Полицияның мәліметінше Шерзат Полаттың отбасы үнемі полицияның қорғауында болды.
"Қаза тапқан жасөспірімнің отбасына қандай да бір қауіп төнген жоқ. Күзеткен қызметкерлердің түсініктемесі бойынша ер адам күзетілетін нысаннан сағат 23:30-да шығып, жеке көлігімен кеткен", - деп жазылған ақпаратта.
Еске сала кетейік, 4 қазанға қараған түні Талғарда 16 жастағы Шерзат Полатты отбасының көзінше өлтіріп кеткен болатын. 12 қазанда отбасы тұрған үй отқа оранды. Бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырды. Осы оқиғадан кейін полицияда бірқатар кадрлық өзгеріс болды.