АСТАНА, 9 желтоқсан – Sputnik. Қаржы мониторингі агенттігі жыл басынан бері қаржы пирмидалары келтірген шығынның көлемін жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Биыл қаржы пирамидаларын құру және басқару фактілері бойынша 68 қылмыстық істі тергелді. Алданған қазақстандықтар барлығы 20 млрд теңгеден айырылған.
"Бүгінгі таңда 13 млрд теңгеден астам қаражат өтелді", - дейді агенттік мамандары.
Қаржы пирамидаларына халықты көп жағдайда интернет арқылы тартады. Мәселен, биыл интернет кеңістігінде анықталған 47 қаржы пирамидасының әлеуметтік желілердегі 300-ге жуық чаты жабылды. Осы чаттарда шамамен 2 миллионға жуық адам отырған, барлығы ақша салып жүрген.
Сондай-ақ әлеуметтік желілерді талдау нәтижесінде қаржы пирамидасының белгілері бар сайттарға 11,7 мыңнан астам сілтеме бұғатталды.
Қаржы пирамидасының негізгі белгілері:
тәуекелдерсіз және күш-жігерсіз жоғары табыс уәде ету;
жаңа клиенттерді міндетті түрде тарту;
интернетте белсенді жарнама жасау;
компанияның Қазақстан Республикасында тіркелмеуі немесе жақын арада тіркелуі;
заңдық сүйемелдеудің болмауы (шарттың болмауы немесе тараптардың міндеттемелерінсіз жасалуы);
салымдарды қолма-қол ақшамен, криптовалюта арқылы немесе банктердің қатысуы болмайтын төлем жүйелері арқылы қабылдау.
Айта кетері, агенттікте қаржы пирамидаларының белгілерін тексеруге мүмкіндік беретін "Baiqa, piramida!" Telegram-боты бар .