Тоғыз айда 6 миллионға жуық турист ел ішінде саяхаттаған

Қазақстанда ішкі туристер саны 562 мың адамға артты
Sputnik
АСТАНА, 6 желтоқсан – Sputnik. Биылғы қаңтар-қыркүйек аралығында 5 млн 973 мың қазақстандық ел ішінде саяхаттаған, деп хабарлады Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі.
Ресми статистикалық мәліметке сәйкес, 2023 жылы бұл көрсеткіш 5,4 миллион адам болды. Яғни тоғыз айда ішкі туристер саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 562 мың адамға артып отыр.
"Ішкі туристер санының артуы қазақстандықтардың ел бойынша жиі саяхаттайтынын көрсетеді. Яғни, өз елін танып-білуге деген қызығушылығының артқанын байқауға болады. Ішкі туризмді әр азамат үшін қолжетімді, тартымды және жайлы етуге жұмыс атқарылып жатыр. Осы мақсатта инфрақұрылымды дамытып, жаңа бастамаларды қолдап келеміз", – деді Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаев.
Алматы, Астана қалалары мен Ақмола облысы ішкі туризм бағыттары арасында көш бастап тұр. Бұл аймақтар туристерді ерекше табиғатымен, дамыған инфрақұрылымымен және алуан түрлі туристік мүмкіндіктерімен баурап келеді.
Қазақстанға қай жақтан турист көп келеді – үздік бес елдің тізімі