Министрліктің бұрынғы комитет төрағасы сотталды

Sputnik
АСТАНА, 6 желтоқсан – Sputnik. Қостанайда ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты агроөнеркәсіп кешені бойынша мемлекеттік инспекция комитетінің бұрынғы төрағасына қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Сот материалдарына сәйкес, биыл маусым айында Қостанайда болған шенеунік Маяковский көшесіндегі үйдің кіреберісінде 2 млн теңге көлемінде пара алған. Оны жеке меншік фирма директоры өзінің қызметкері арқылы беріп жіберді. Ал тамыз айында комитет төрағасы сауда орталығындағы дәмханада фирма директорымен кездесіп, 78 125 000 теңгеге пестицидтерді сатып алу туралы шарт жасасқаны үшін 2,4 млн теңгені алды. Бұның барлығы видеоға жазылып қалған.
Сотта шенеунік те, кәсіпкер де өз кінәсін толығымен мойындап, айыппұл салуды сұрады. Прокурор пара алған шенеунікті 3 жыл 6 айға, ал бизнесменді 3 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Судья сотталушылардың жеке басын, сыбайлас жемқорлық ауыр қылмыстар санаттарына жататынын ескеріп, прокурор сұраған жазаны тағайындады. Пара ретінде берілген ақшаның бәрі мемлекет кірісіне тәркіленді.
Жемқорлық үшін сотқа тартылғандардың әрбір төртіншісі – әкімдік қызметкері