АСТАНА, 6 желтоқсан – Sputnik. Денсаулық сақтау министрлігі мезгілсіз өлімге себеп болатын негізгі төрт ауруды атады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сәйкес, жүрек-қан тамырлары аурулары, 2-типтегі қант диабеті, семіздік пен онкология мезгілсіз өлімнің негізгі себебі болып отыр. Ал ондай аурулардың 27 проценті дұрыс тамақтанбаудан басталады.
"Құрамында майы, қанты және тұзы көп тағамдарды тұтынудың арты инфекциялық емес аурулардың көбеюіне, жұмысқа қабілеттіліктің жоғалуына және денсаулық сақтаудың айтарлықтай шығындарына әкеледі. Мәселен, 2022 жылмен салыстырғанда қан айналымы ауруымен сырқаттанушылық көрсеткіші 6,2%-ға, семіздік 2,5%-ға, қант диабеті 16,7%-ға артты", - деді министрдің бірінші орынбасары Тимур Сұлтанғазиев сенаттың бүгінгі отырысында.
Бұдан бөлек, Қазақстан халқы тұзды жоғары деңгейде тұтынады. ДДҰ мамандары тұзды тәулігіне 5 грамға дейін тұтынуға кеңес берсе, қазақстандықтар 17 грамм қосады.
"6-9 жас аралығындағы балалардың 16,7%-дан астамы күн сайын қантты сусындарды пайдаланады. Салдарынан 6-9 жас аралығындағы әрбір бесінші балада (20,6%) артық салмақ және семіздік бар, оның 6,6%-ы семіздік", - деп атап өтті министрдің орынбасары.