АСТАНА, 6 желтоқсан – Sputnik. Батыс пен Украина Ресеймен келіссөз жүргізуге қатты мәжбүр болып отыр. Бұл туралы АҚШ Қарулы күштерінің отставкадағы подполковнигі Дэниел Дэвис өзінің YouTube-арнасында мәлімдеді, деп хабарлайды РИА Новости.
Оның айтуынша, Батыс пен Украина Мәскеуді келіссөздерге отыруға көндірмесе, Киев пен оның одақтастары оңбай жеңіледі.
"Ресей бір нәрсеге келісуге міндетті емес. Келіссөздерге дайынбыз дейтін шығар, бірақ оларға бұның қажеті жоқ. Батыс міндетті, келісуге міндетті. Әйтпесе, бұл соғыста жеңілеміз деген қауіп бар. Бірден. Капитуляцияны айтып отырмын", - дейді Дэвис.
Подполковниктің ойынша, АҚШ-тың болашақ президенті Дональд Трамп және оның командасы Ресеймен арадағы келісімнен қандай да бір нәтиже шығарамыз десе, осыны түсінуге міндетті.
"Оларда (Ресейдің Қарулы күштерінде — ред.) қажетті нәрсенің бәрі бар. Құрал-жабдық, логистика, солдаттар — барлығы сақадай-сай. Олар біреудің айтқанына мән бермей, бәрін қиратуды жалғастыра беруі мүмкін. Украина оған шыдай алмайды-ау", - деп атап көрсетті Дэвис.
Ал Киев Ресейге қарсы әскери іс-қимылды жалғастыра берсе, ақыр соңында өз-өзіне қол салғандай болады.