АСТАНА, 5 желтоқсан – Sputnik. Петропавлдағы мектептердің бірінде төбенің сылағы балалардың үстіне құлады. Салдарынан үш жасөспірім зардап шекті.
Опырылған аумақ шамамен 2 шаршы метрді құраған.
Солтүстік Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше балалар (оның екеуі 12 жаста, біреуі 13 жаста) облыстық клиникалық аурухананың травматология бөліміне жатқызылды. Зардап шеккендер дәрігерлердің бақылауында, оларға барлық қажетті көмек көрсетіліп жатыр, деп атап өтті ведомство.
Оқиғаның себебін анықтау үшін комиссия құрылды. Айта кетері, төтенше жағдай болған Қожаберген жырау атындағы №6 мектеп 2020 жылы 900 оқушыға есептеліп салынған.