Ақтау әкімдігінде ер адам өзін өртеп жіберді – оқиғаның мән-жайы

Sputnik
АСТАНА, 5 желтоқсан – Sputnik. Бүгін Ақтау әкімдігінің ғимаратында елді дүрліктірген оқиға болды. Қала тұрғыны өзіне бензин шашып, тұтатып жіберді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Облыстық әкімдік ұсынған ақпаратқа сәйкес, ер адам әкіммен жеке кездесуді талап еткен. Бірақ бүгін облыс басшысы жеке мәселелер бойынша халықты қабылдамайды. Әкімдік қызметкерлері соны түсіндіріп айтқан. Сосын қабылдау болатын күні келуді өтінген.
"Бірақ ол бұл жауапқа қанағаттанған жоқ, үстіне жанғыш қоспа төгіп, тұтатып жіберді. Әкімдік пен полиция қызметкерлері оны өз күшімен өшіріп, жедел жәрдем келгенше алғашқы көмек көрсетті", - делінген ресми хабарламада.
Денесі қатты күйіп қалған ер адамды шұғыл Ақтау қалалық ауруханаға жеткізген. Оның жағдайы ауыр. Ал полиция өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу бабы бойынша сотқа дейінге тергеу шараларын бастады.
"Жүйедегі ақаулық": Әшімбаев суицид мәселесіне қатысты пікір білдірді