АСТАНА, 3 желтоқсан – Sputnik. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Ресейде қазақ тілді мектептер қалай ашылатынын түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгінде Қазақстан Ресей Федерациясының бірнеше қаласында – Орынбор, Омбы мен Астраханьда ашуға мүдделі. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың айтуынша, нақты қалалар анықталды. Ендігі кезекте мектеп салынатын жерді белгілеу керек.
“Біздің қазақ бауырларымыз көп шоғырланған жерлерге басымдық беріледі. Қазіргі кезде мектептерді салу мәселесі пысықталып жатыр. Бұл әлі де біршама уақыт алады. Өйткені жерін анықтау, келісімшартқа қол қою, одан кейін оның қаржысын шешу - бұның барлығына уақыт қажет”, - деді Бейсембаев үкіметте өткен брифингте.
Министрдің айтуынша, ресейлік әріптестерінің тарапынан қазақ мектептерін ашуға ынта бар.
Айта кетері, Ресей өз кезегінде Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде үш орысша мектепті ашуды қалайды.