Ұлттық банк теңге бағамына қатысты мәлімдеме жасады

Sputnik
АЛМАТЫ, 2 желтоқсан - Sputnik. Қазақстанда қараша айының қорытындысы бойынша теңге бағамы 5%-ке әлсіреп, 1 АҚШ доллары 512,52 теңгеге дейін барды. Елдің қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа күндік көлемі бір айда 278 млн-нан 262 млн АҚШ долларына дейін төмендеді. Сауда-саттықтың жалпы көлемі 5,5 млрд АҚШ доллары болды, деп хабарлайды Ұлттық банк.
Республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін қараша айында Ұлттық қордан 1 260 млн АҚШ долларына валюта сатылды.

"Ұлттық қордан сату үлесі жалпы сауда-саттық көлемінің 23%-ін және күніне 60 млн АҚШ долларынан аспайтын мөлшерде болды. Ұлттық Банк Ұлттық қордың қаражатымен операциялар жүргізу кезінде нарықтың бейтарап қағидатын сақтайды. Бұл шетел валютасын ұдайы және біркелкі сатуды білдіреді", - делінген хабарламада.

БЖЗҚ валюталық активтерінің үлесі осыған дейінгі жоспарға сәйкес шамамен 40% екенін ескере отырып, Ұлттық Банк қарашада зейнетақы активтерінің инвестициялық портфеліне АҚШ долларын сатып алған жоқ. Желтоқсанда да валюта сатып алу жоспарланбайды.
Валюта нарығында тепе-теңдікті арттыру үшін биылғы 19 қарашада Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес квазимемлекеттік сектор субъектілеріндегі валюталық түсімнің 50%-ін міндетті түрде сатуы туралы норма қайта күшіне енді. Квазимемлекеттік сектор компаниялары валюта нарығында екінші деңгейлі банктер арқылы дербес сатады.
Бірқатар іргелі факторлар нашарлағандықтан, тұрақсыздандыратын ауытқуларды болдырмау үшін, теңгенің айырбастау бағамының шамадан тыс құбылмалылығын реттеп, шетел валютасының ұсынысын қамтамасыз ету үшін 15–28 қараша аралығында Ұлттық Банк валюталық интервенция жүргізді. Айдың қорытындысы бойынша валюта сату көлемі 1 047 млн АҚШ долларын құрады.
Доллар 600 теңгеге дейін бара ма - Ұлттық банк басшысы жауап берді