АСТАНА, 2 желтоқсан – Sputnik. Дохада өткен Qatar Travel Mart 2024 халықаралық көрмесінде Алматы үздік туристік бағыт деп танылды, деп хабарлады қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
Көрмеде қаланың табиғи және мәдени көрнекті орындары таныстырылды.
"Қонақтар қазақ мәдениетінің атмосферасына шомылып, ұлттық тағамдардан дәм татып, дәстүрлі киімдерді киіп көрді", - деп жазылған хабарламада.
Қаланың атынан Visit Almaty орталығы, 6 туроператор және "Шымбұлақ" курорты қатысты. Шетелдік серіктестермен өткен іскерлік кездесулер нәтижесінде Алматыға 13 000-нан астам турист тартуға арналған 44 келісімшартқа қол қойылды.
Алматылық туроператорлар мұндай көрмелерге қатысу Қазақстанның туристік әлеуетін арттыруға және халықаралық байланыстарды нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.