"ҚазТрансОйл" атмосфераны ластайтын қалдықтарды азайтуға күш салып жатыр

Компания объектілерінде атмосфераны ластайтын қалдық заттардың көлемі тоғыз айда 12%-ға қысқарды
Sputnik
АСТАНА, 29 қараша – Sputnik. "ҚазТрансОйл" АҚ атмосфераны ластайтын қалдықтарды азайту үшін резервуар паркін жаңғыртып жатыр.
Компания экологиялық бастамалар аясында Т. Қасымов атындағы мұнай айдау станциясында көлемі 20 мың текше метр мұнай сақтауға арналған резервуарға понтон орнатуды аяқтады.
"Бұл құрылғы мұнайдың булануын едәуір азайтуға мүмкіндік береді, атмосфераны ластайтын қалдық заттарды 80%-ға төмендетеді", - деп жазылған "ҚазТрансОйл" хабарламасында.
Понтон – резервуардың ішіне оның бекітілген шатырының астына орналастырылған қалқымалы құрылғы. Ол мұнайдың бетін газ кеңістігінен оқшаулайды, булануды болдырмайды.
Понтондардан басқа, "ҚазТрансОйл" АҚ буды қалпына келтіру үшін газ теңестіру жүйелері мен қондырғыларын қолданады, сондай-ақ қазандық қондырғыларын табиғи газға ауыстырады.
"ҚазТрансОйл" АҚ объектілерінде атмосфераны ластайтын қалдық заттардың көлемі 2024 жылғы қаңтар-қыркүйекте өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12%-ға қысқарды.
Компания сонымен қатар өзінің барлық нысанында тұрақты өндірістік экологиялық бақылау жүргізеді. Мониторинг нәтижелері тоқсан сайын қоршаған ортаны қорғау жөніндегі уәкілетті органдарға жіберіледі.