АЛМАТЫ, 27 қараша - Sputnik. Ақмола облысында су тасқынына қарсы шараларға бөлінген қаражатты жымқырғандар қылмыстық жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Ақмола облысының прокуратурасы.
300 млн теңгеден астам қаражатты қолды қылғаны үшін Атбасар ауданының әкімдігіне қарасты құрылыс бөлімі, "Престиж Строй 7" және "Фундаменталь" ЖШС-нің басшыларына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталды.
Бұл қаражат 2021 жылы үкімет резервінен Атбасар ауданында су тасқыны аймағында тұратын 200 жанұяны көшіру үшін екі 100 пәтерлі үйлерді салуға бөлінген. Күдіктілер әрекеттері аса ірі көлемде жымқыру – талан-таражға салу, яғни Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189 бабы 4 бөлігі бойынша сараланды. Бұл бап бойынша мүлкі тәркіленіп, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Екі күдікті сот санкциясы шешімімен ұсталды, ал үшінші серіктес үйқамаққа алынды.
"Алматы, Астана қалаларында коммерциялық жылжымайтын мүлік, арнайы техника, құрылыс құрылғылар және банктық шоттарда 50 млн теңгеден астам ақшалай қаражат табылды. Тиым салынған мүліктің бағаланған құны 335 млн теңгеден асты", - делінген хабарламада.
Бұл мүліктің бір бөлігі жалға беріліп, қылмыстық пайда түсірілген.