АСТАНА, 27 қараша – Sputnik. Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин Астанаға сапары алдында "Казахстанская правда" газетінде жарияланған мақаласында "Росатом" корпорациясының Қазақстанның атом энергетикасын дамытуға үлес қосуға дайын екенін атап өтті.
"Росатом" Қазақстанға ядролық отын тізбегінің жобаларын іске асырып, уран өнеркәсібін дамытуға тәжірибелік жағынан көмек қолын созды. Білікті маман мен теңдессіз техникалық мүмкіндіктері бар мемлекеттік корпорация Қазақстанмен ауқымды жобаларды іске асыруға дайын", - деді Путин.
Айтуынша, екі ел арасында мұнай-газ секторындағы ынтымақтастық та дамып келеді.
"Каспий құбыр консорциумының арқасында Қазақстан экспорттайтын мұнайдың 80 процентінен көбі Ресей елі мен порттары арқылы, Қара теңізбен шетел нарыққа шығып отыр. Екі елдің энергетикалық компаниялары көмірсутек кен орындарын бірлесіп игеріп, энергия ресурстарын өңдеуді, құбыр жүйесін кеңейтуді жолға қоя білді", - деді РФ басшысы.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев болса Ресейде шығатын "Известия" газетіне жарияланған мақаласында екі ел бірлесіп жалпы құны 18 миллиард доллардан асатын 90-нан астам жоба іске асырғанын айтты. Қазір де болашағы зор 49 жоба жүзеге асырылып жатыр.
"Осы маңызды жобалардың ішінен Қазақстанда 3 жылу электр орталығының құрылысы басталғанын және Екібастұз ГРЭС-ін жаңғырту жұмыстарын атап өтуге болады. Бұл қатарда еліміздің бірқатар аймағын газбен қамтамасыз етуге, сондай-ақ, оңтүстік және шығыс бағытқа тасымалданатын Ресей энергетика ресурстарының көлемін арттыруға қатысты ауқымды бастамалар да бар", - деді Тоқаев.