Каспийде мыңдаған итбалық өлді – шығынның көлемі жарияланды

Каспий итбалығы 2020 жылы Қызыл кітапқа енгізілген болатын
Sputnik
АСТАНА, 24 қараша – Sputnik. Маңғыстау облысындағы "ECOJER" қауымдастығы экологиялық кеңесінің төрағасы Әділбек Қозыбақов Каспий жағалауында табылған итбалықтардың шығынын есептеп шықты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Lada порталына сілтеме жасап.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығына сәйкес, Қазақстанда бір итбалықтың құны 193 АЕК (2024 жылы 712 556 теңге) тұрады. Ал осы соманы өлген 2 000 итбалыққа көбейтсе, 1 млрд 425 млн теңге шығады.
"Каспий итбалығы 2020 жылы Қызыл кітапқа енгізілген болатын. Сондықтан бірден қылмыстық іс қозғалуы қажет. Бұл жерде бір емес, 2 000 өлген итбалық табылды. Демек ірі көлемдегі шығын болып тұр. Мен билікті осы істі тергейтін шұғыл комиссия құруға шақырамын. Бұл мәселеге үлкен қоғамдық резонанс керек. Барлық мән-жайды анықтап, кінәлі адамдарды заң бойынша жауапқа тарту қажет. Олар шығынды да өтеп беруге тиіс", - дейді Қозыбақов.
Ал Жайық-Каспий облысаралық бассейн инспекциясының маманы Андрей Руцкойдың айтуынша, қазіргі кезде инспекторлар күн сайын мониторинг жүргізіп отырады. Әзірше теңіз жағалауында өлген итбалықтар анықталған жоқ. Бірақ желдің бағыты өзгерген.
Итбалықтың қырылуына не себеп болды – Балық шаруашылығы комитеті болжам жасады