ҚТЖ-дан дизель ұрлаумен айналысқан топ қолға түсті

Sputnik
АСТАНА, 23 қараша – Sputnik. Көлік полицейлері "Қазақстан темір жолы" компаниясынан дизель отынын ұрлаумен айналысып келген қылмыстық топты ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz.
Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері Бас көлік прокуратурасы және "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ-мен бірлесіп, Жетісу облысының Бескөл станциясында тепловоз машинистерінен құралған қылмыстық топты құрықтады.
Күдіктілер бірнеше жыл бойы пойыз диспетчерлерімен қылмыстық келісімге келіп, тепловоздардан жанар-жағармай материалдарын құйып алу арқылы дизель отынын ұрлаған.
"Сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижесінде қылмыстық топ ұрлықтың 45 эпизоды бойынша әшкереленіп, "Қазақстан темір жолы" компаниясына 16 млн теңгеден астам сомаға залал келтірді. Жетісу облысы Алакөл ауданының №2 аудандық сотының үкімімен қылмыскерлер ұзақ мерзімге сотталды",- делінген хабарламада.
Жетісу облысында тепловоз машинистері дизель отынын ұрлағаны үшін сотталды